АПТA АПТЫҒЫ .

Жеті күндік аптаның соңына да келіп жеттік. Апта бойына не өзгерді? Айдың астында, жердің үстінде ауыз толтыра айта қаларлықтай нендей жаңалықтар, былайғы жұртқа ой салар қандай оқиғалар орын алды екен? Жұмысбасты болып жүріп мен неден құр қалдым екен? деген сауалдар баршамызды мазалайтыны даусыз.

Ендеше, апта басынан бері орын алған қоғам үшін маңызы зор, салмағы басым делінетін жаңалық-оқиғалардың бірді-екілісіне ерекше тоқталмақпыз.

ТАНЫСЫП АЛАЙЫҚ, ЖҰМЫС КЕЙІН...

Апта басында көппартиялы атанған жаңа құрамдағы Мәжіліс өздерінің алғашқы жалпы отырысын өткізді. Шыны керек, нәтиже күткендегідей болмаса керек. Республикалық ақпарат құралдары аталмыш отырыстың ішпыстырарлық деңгейде өткендігін айтып отыр. Белсенділік танытып, бастама көтеріп, мәселе қозғаған ешкім табылмапты. Әдетте, қарауға түскен құжаттарды қызу талқылап, қызылкеңірдек болып жататын депутаттар Үкімет дайындаған бірқатар заң жобаларын өндіріске алумен шектелген. Сірә, халық қалаулылары орынтақтарына орнығып, жұмыстарына толық кірісе қоймаған сияқты. «Алдағы аптадан бастап жұмыс қатты қызады деп ойлаймын. Әзірге кабинеттерімізге орналасып, жұмыс бабымен танысып жатырмыз», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков. Тек, танысулары ұзаққа созылмаса болғаны.

ҚАЗЫНА МИЛЛИАРДТАРДАН ҚАҒЫЛДЫ

ҚР Қаржы министрлігі өткен жылды қорытындылады. Жеткен жетістіктерді сөз етіп, кемшін кеткен тұстарды да жасырып қалмады. Қазынаның қалайша қыруар қаржыдан қағылғанын да айтып берді. Былтыр ел бюджетіне түсуі тиіс 23 миллиард теңге «желге ұшып кеткен». Барлығы - пайданы көксеген әккі кәсіпкерлердің көлеңкелі бизнесінің кесірі, - дейді салықшылар. Дегенмен, құзырлы органдардың кінәлілердің кім екендігін білсе де, олардың кінәларын дәлелдей алмай отырған жайы бар. Еліміздің салық комитетінің миллиардтарды қайтарып алуға қауқары жетпей отырған көрінеді. Демек, қомақты қаржының қазынаға қайтарылуы екіталай, - дейді мамандар. Себебі, салықтан сытылып кеткендердің басым бөлігі - жалған кәсіпорындар. Енді, амалы таусылған салықшылар халықаралық соттың көмегіне жүгінбек.

«МЕРСЕДЕСТЕН» ТҮСПЕЙМІН!..

Қазақстандық шенеуніктер отандық өндірістен шыққан автокөліктерді менсінбейтін сыңайлы. Олардың «S» санатты қымбат темір тұлпарларынан еш айырылғылары жоқ. Бұлай деуіміздің өзіндік себебі бар. Естеріңізге сала кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Назарбаев шенеуніктерге шетелдікті қойып, отандық көліктерге ауысуды тапсырған болатын. Бірақ, әлі де болсын бұл тапсырманы орындауға асыққан ешкім көрінбейді. Әрине, құны шамамен 120-150 мың АҚШ доллары тұратын (екі-үш пәтердің құны) көліктерін кім ауыстырсын? Әзірге тек ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев қымбат автокөлігін «қиюға» дайын екенін білдірген. «Тіпті, қажет болса жаяу жүруге әзірмін», - деген екен министр. Өзгелер үлгі алуға тұрарлық бастама.

Жалпы, кейбір ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі жоғары лауазымды шенеуніктердің барлығы дерлік «S» санатты «Мерседес» автокөлігімен жүреді екен.

АЛЛА САҚТАНСАҢ ҒАНА САҚТАЙДЫ

Қытымыр аяз қаһарына мініп, күн райы күрт салқындады. Еліміздің басым бөлігі сарышұнақ аяздың құрсауында қалды. Апта ортасында аймағымызда, сондай-ақ, шығыс, орталық, солтүстік өңірлерде сынап бағанасы -45 градусқа дейін төмендеді. Білім ордаларында оқу тоқтатылып, бірнеше бағыттар бойынша тас жолдар жабылды. Алайда, оған қарамастан алыс жолға шығып кетіп, ажалмен бетпе-бет келгендер де көптеп табылды.

Мысалы, Шақпақ белдеуінде 42 жеңіл автокөлік пен 25 жүк машинасы қақаған қыста далада тұрып қалды. Үсік шалған адамдар саны да артып отыр. Осының барлығы тұрғындарға сабақ болуы тиіс еді. Бірақ, олай емес. Бірі жұмысқа, енді бірі тойға асыққан жүргізушілердің ішінде «Бізді қаладан шығармай жатыр» деп дабыра көтергендер болды. Адам өмірінен артық ештеңе жоқ. Осыны түсінуге болады ғой? «Алла сақтанғанды сақтайды» деген қағиданы ұмытқан сияқтымыз.

ЕҢ ЖОҒАРҒЫ ЖАЛАҚЫ КІМДЕ?

Еліміздің Статистика агенттігі таратқан мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда ең жоғарғы жалақыны мұнай-газ саласы компанияларының басшылары алады екен. Өткен жылы «қара алтын» магнаттары 1 миллион 212 мың теңге болатын рекордтық айлықты қалталарына басқан. Ал ең төменгі еңбекақыны ауыл, орман және балық шаруашылығының жұмысшылары еншілеуде. Оларға айына он жеті мың теңгеден бұйырыпты. Енді салыстырып көріңіз. Еліміздің өзге сала басшылары қыруар қаржыға кенелетін мұнайшылардың табысымен салыстырғанда алты есе кем табыс табады екен. Жоғары жалақыдан көлік саласы және бұрғылау жұмысымен айналысатындар, ұшқыштар мен инженерлер де кенде емес көрінеді. Ай сайын шамамен жарты миллион теңге болатын жалақы алады.

ТЕГІН ОЛЖАДАН ДӘМЕТПЕЙ-АҚ ҚОЙ!

Бұдан былай интернеттен аудио-визуалды өнімді жүктеуге шектеу қойылды. Бұл – апта басында еліміздің «авторлық құқық» туралы заңына енгізілген өзгерістердің нәтижесінде қабылданған шара. Яғни, енді тегін олжаның дәурені өтті. Интернет арқылы түрлі кинофильмдерді, музыканы еш кедергісіз, тегіннен-тегін жүктеп үйренген жұртшылық келіспеушіліктерін білдіруде. Ол-ол ма? Тіпті, кейбір қазақстандық танымал торренттер бұл бастамаға наразылықтары ретінде өз сайттарына кіруге шектеу қойып тастаған. Мамандардың айтуынша, мұның барлығы - бос әурешілік. Себебі, Заңға өзгерістер енгізілді. Әділет органдарының өкілдері бұл халықаралық талаптарға сай жасалған шара екендігін айтып отыр. Ендігі мәселе, аталмыш заңды орындаудың тетіктерін табуда тұр. Мыңдаған сайттардың меймандарын қалай бақылайтыны әлі беймәлім...

Алдағы аптаға аптықпай аяқ басып, жаңалықтарға құлақ түре жүрейік, құрметті оқырман.

Данияр

ЖҰМАДІЛОВ.

«

Добавить комментарий


Защитный код
Обновить