АЯЗ АДАМ ӨМІРІН ЖАЛМАДЫ
Ауа райының күрт суытуына байланысты елімізде, әсіресе солтүстік өңірлерде сақтандыру шаралары жіті қолға алынды. Соған қарамастан, аяз құрсауында қалып, үсік шалып, ауруханаларға түсіп жатқандар да баршылық. Дәрігерлердің айтуынша, үсіп қалғандардың көбі тұрақты мекенжайы жоқ, жертөлелерді паналап жүрген кезбе адамдар көрінеді.
Павлодар қаласындағы №1 ауруханаға соңғы үш тәуліктің ішінде беті-қолы домбығып, үсік шалған 4 адам келіп түсіпті. Өкінішке қарай, олардың бірі қатты үсіп кеткендіктен, беті бері қарамай, ауруханада жан тапсырған.
- Біз қыс мезгілі басталысымен үсініп қалған науқастарға жедел қызмет көрсететін арнайы орындар дайындап қоямыз. Әрине, оның бетін ары қылсын. Бірақ, кейбір адамдар табиғат құбылысына мән бермегендіктен, қайғылы оқиғаларға тап болып жатады. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, әркім өз өміріне, денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны жөн», - дейді аталмыш аурухананың бас медбикесі Гүлбану Бураханқызы.
Осылайша, сарышұнақ аяздың салдарынан біреулер аяқ-қолынан айырылып мүгедек болып жатса, енді бірі жарық дүниемен қоштасуда. Мамандар мұндай жағдайға тап болмас үшін алдымен сақтық шараларын жасау қажеттігін алға тартады.
Н.АҚЫТЕГІ.




















