БАРЛЫҒЫ – БАЛАЛАР ИГІЛІГІ ҮШІН!


Соңғы кезде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы көп айтылады. Мемлекет басшысы елдің ауқатты тұрмыс кешуіне, әлеуметтік жағдайлар жасауға ірі компаниялар да жауапты екенін алға тартқан еді. Бүгінде Павлодар аймағындағы әлеуметтік ахуалдың жақсаруына да қолғабыс жасап келе жатқан кәсіпорындар бар.
Мұнай тасымалы саласында ғана өндірістік көрсеткіштерді арттырып қоймай, өңірдегі әлеуметтік жағдайдың жақсаруына да септігін тигізіп жүрген кәсіпорындардың бірі - «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалы.
Аталмыш кәсіпорын әлеуметтік тұрмысқа әр кіруін әркез назарда ұстайтын демеушілік көмек көрсетуді игі дәстүрге айналдырған. Бұрнағы жылы Шығыс филиалы басқару аппараты мен Павлодар мұнай құбыры басқармасы облыс орталығында жасанды жабыны бар көп салалы 5 әмбебап балалар спорт алаңын ашқан болатын. Теңдесі жоқ спорт алаңының құрылысына 280 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл компанияның еліміздегі бұқаралық спорттың дамуына қосқан өзіндік зор үлесі деп бағалаған жөн шығар. Былтыр Шығыс филиалында «Павлодар» орталық диспетчерлік пунктінің ашылу салтанатына қатысқан сол кездегі облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев «ҚазТрансОйл» әлеуметтік жауапкершілігін ұмытпайтын және уақытында көмек қолын созатын компания екенін атап өткен еді. Сол секілді, кәсіпорын қаладағы музыкалық колледжге бұрын мекеменің басқару аппараты орналасқан ғимаратын қайтарымсыз негізде сыйға тартқаны да көпшілікке аян. Павлодар қаласында жұртшылық үшін мұндай жомарттық танытушылар кемде-кем. Аталмыш ғимарат өңірдегі өнерлі жастардың бойындағы музыкалық дарындарын ұштауына, жайлы ғимаратта білім алып, өнердің қыр-сырын меңгерулеріне жол ашқанын да айта кеткен жөн болар.
Кәсіпорын балалар үйлерін де назардан тыс қалдырған емес. Өткен жылы Павлодар қаласындағы «Сәбилер үйі» мемлекеттік мекемесіне қаржылай көмек берді. Балаларға киім-кешек, ойыншықтар, түрлі бағытта маманданған бөлмелерді жасақтауға да көмектеседі. Әлеуметтік нысанға қол ұшын беру дәстүрге айналған. Биыл да қайырымдылық шарасы жалғасын табатын болады. Өңірдегі «Самал» бейімдеу орталығының тәрбиеленушілерінің мұнай құбыршыларына деген алғыстары шексіз.
Дегенмен, компания демеушілік, қайырымдылық көмек көрсетуді «атақ иелену» деп қабылдамайды, Отан алдындағы азаматтық парызы санайды. «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалының директоры Жеңісбек Лұқпановтың айтуынша, кәсіпорын Павлодар қаласын көріктендіру шараларына және өзге де түрлі әлеуметтік шараларға белсене атсалысады. Мұның барлығы - компанияның тұрақты экономикалық дамуды ғана емес, әлеуметтік әлеуетті көтеруге бағытталған жұмыстарды жүзеге асыруды бетке алғандығының дәлелі.
Өз тілшіміз.

Добавьтe Ваш комментарий

Ваше имя (псевдоним):
Ваш адрес почты:
Комментарий (Вы можете использовать здесь HTML-теги):