Кәсіпсіз жүрсеңіз, қапы қалмаңыз!

Былтырғы жылы қабылданған «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының мақсаты тұрақты жұмыс таба алмай жүрген азаматтарға қолғабыс жасау, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту, сонымен қатар, экономикалық әлеуеті төмен елді мекендердегі тұрғындарды әлеуметтік жағдайы жақсы жерлерге көшіру болып табылады. Екібастұз өңірінің халқы да қаламыздағы жұмыспен қамту орталығына қарай ағылып, тиісті мемлекеттік мекемелерге құжаттарын қызу тапсырып жатыр. Нәтижелер де баршылық.
Екібастұз қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөліміне қарасты «Жұмыспен қамту орталығының» директоры Гүлнәр Құсайынованың айтуынша, азаматтарды жұмыспен қамту саласында қол жеткізген нәтижелер көңіл көншітерлік. Өткен жылдың шілде айынан бастап 570 екібастұздық бағдарламаға қатысуға ниет білдірген. Олардың қатарындағы 150-і – кәсіптік даярлауға, 400-і – қәсіптік қайта даярлауға, 20-сы – біліктілікті арттыруға жіберілген. Кәсіптік даярлау бағдарламасын өткен жылдың каңтар-желтоқсан айларында 387 қатысушы игерді. Соның 58-і – ауылдық жерлердің азаматтары. Айта кетерлігі, бағдарламадан үміткерлер қатарында Солнечный кенті мен Сарықамыс ауылының азаматтары көп кездеседі. «Кәсіп игерушілердің біраз бөлігі үш айлық курстарды тәмамдады. Бүгінгі таңда мамандық алып шыққан 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Қуантарлығы, өңірдегі шағын кәсіпорындардың бірлі-жарымы бағдарламаға қолдау көрсетіп, жұмыс орындарын ұсынуда. Мәселен, «Горводоканал», «Промсервис-Отан», «Жылу тораптары» сияқты кәсіпорындардан жұмыстар табылды. Алдағы уақытта ірі кәсіпорындармен де келіссөздер жүргіземіз», - дейді Г.Құсайынова.
Биыл аталмыш бағдарлама аясында жоспар бойынша тағы 210 адамның кәсіптік білім алуына мүмкіндік берілмек. Айта кетерлігі, бағдарлама қатысушылары қатарынан көрініп, «екі қолға бір күрек» тапқысы келетіндер қазірден бастап жұмыспен қамту орталығына құжаттарын тапсыра бергендері жөн. Гүлнәр Ғаниқызының айтуынша, қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие автокөлік жөндеу слесарі, мектепке дейінгі дайындық мекемесінің тәрбиешісі, бастауыш сынып мұғалімі, ақпарат қорғау технигі, электрмеханик, фельдшер сынды мамандықтарды игеруге арналған оқу биылғы жылдың қыркүйегінде басталады. Ал үш айға межеленген электрмонтер, электргазбен дәнекерлеуші, сатушы, слесарь, аспаз және тағы басқа мамандық бойынша білім алу осы жылдың ақпан-наурыз айларында басталады. «Қазіргі таңда облыс орталығында слесарь-сантехник, суретші-модельер, техник-электрик, денешынықтыру мұғалімі мамандықтары бойынша оқыту жалғасуда. Кәсіптік білім алып жатқан азаматтарға ай сайын 12188 теңге шәкіртақы төленеді, сонымен қатар, баспана жалдауға 10 айлық-есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде жәрдемақы беріліп келеді. Жылына бір рет 4 АЕК көлемінде жолақыға қаражат бөлінеді», - дейді орталық басшысы.
Бұл бағдарламаның ерекше атап өтерлік тұсы, жұмыспен қамтылатын ауыл тұрғындарын қалаға көшіріп әкеліп, баспана беру жағы қарастырылған. Осы мақсатта Екібастұз қаласының Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 135-ші, Энергетиктер көшесіндегі 58 «Б» мекенжайындағы тұрғын үйлер қалпына келтіріліп, 110 пәтер қолданысқа беруге әзірленуде. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға сатып алынған бұл пәтерлер тек экономикалық әлеуеті төмен ауылдан келгендерге беріледі.
Бағдарламаның 2020 жылға дейін жалғасатыны белгілі. Олай болса, жұмыссыз жүрген жұртшылықтың қапы қалмай, кәсіп игеру мәселесіне сергек қарағаны жөн.

Жанаргүл ҚАДЫРОВА,
Екібастұз қаласы.

Добавьтe Ваш комментарий

Ваше имя (псевдоним):
Ваш адрес почты:
Комментарий (Вы можете использовать здесь HTML-теги):