Материалы
Дастарқанның қадірін қашырмайық!
Жақында облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің «Оқшау ой» айдарындағы Нұржайна Шодырдың «Дастарқанға «шабуыл жасау» сәнге айналған ба?» деген мақаласын оқып, риза болдым. Газет тілшісінің көтерген тақырыбы мені қатты толғандырды. Шынымен де, бүгінгінің қонақтары қасиетті дастарқанның құтын қашырды десем, артық айтқандық болмас. Олай дейтінім, өзім де жиі қонақта болып жүремін. Үлкендер түгілі қазіргі жастардың өзі дастарқандағы дәмді сыпырып салып алып жатады. Олардың осындай дөрекі әрекеттеріне қарап, жүрегім ауырады. Кей кездері қонаққа барып, үйге аш қайтқан күндерім де болды. Дастарқан басына жаңа отырып, жан-жағымдағы таныс-біліс адамдарға амандасып біткенше, алдымыздағы астың қайда кеткенін білмей қалатын сәттер де кездесіп жатады. Тіпті, басқасын айтпағанда, өлім-жітім болған жерде де, көңіл айтып келген жамағаттың дастарқандағы дәмді салып алып жатқандарын көріп, «адамдардың пейілі бұзылып кеткен бе?» деген ойға қаласың... Біреудің үйінен үзіп-жұлып әкелген тамағың айлық азық, жылдық үнем болмайды ғой.
Аллаға шүкір, қазір соғыс кезі емес. Ел іші тыныш, халық тоқ, уайымы жоқ. Осындай бақытты, баршылық өмірде адамдарға не жетпейді екен? Қалай дегенмен де, әркім бір үйге барды ма, «қонақ» деген атына лайық, сыйлы да әдепті болуы тиіс емес пе?! Ал алдындағыны қымқырып-жымқырып кету – адамзатқа лайық іс емес. Сондықтан, өз замандастарым мен жастарға қасиетті дастарқанның қадірін қашырмайық, барған шаңырағымызды, дәмді құрметтейік дегім келеді.
Қ.ШАХАНОВА,
ардагер ұстаз, Ақсу қаласы.
P.S. Редакциядан:
Құрметті оқырман! Газетіміздің «Оқшау ой» айдарындағы басылым тілшілерінің ой-пікіріне байланысты хаттар көптеп келуде. Редакция ұжымы үшін барлық оқырманның пікірі маңызды. Сондықтан, басылым беттерінде жарияланған мақалаларға өз ойларын ашық жазып, пікірлерін білдірген осындай белсенді авторларға шексіз алғыс айтамыз.




















Коллектив КГП на ПХВ "Центр аналитической информации" поздравляет кассира Марию Владимировну Мирошниченко с днем рождения. Желаем здоровья, счастья и успехов в работе.