Материалы
Ақ көңілді Аққу елінде –дүбірлі айтыс
Лебяжі ауданында ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдық торқалы тойына арналған шаралар жалғасын табуда. Сенбі күні «Тәуелсіздік – тұғырым» атты облыстық айтыс ұйымдастырылды. Аудан жұртшылығы халқымыздың төл өнерін сағынған екен, зал көрерменге лық толды.
Ұйымдастырушы-лардың айтуынша, облыстық деңгейдегі бұл жыр додасы болашақта дәстүрге айналмақ.
Tәуелсіздік тұғырымен бақыт құшқан қауымға әдемі жыр сыйлағандар қатарында Ертістің Павлодар өңірінің 12 ақыны болды. Шабыты шалқар ақындардың өнеріне әділ баға беруге Ғалымбек Жұматов, Арман Қани, Ақын Алақанұлы сынды өңіріміздің танымал ақын-жазушылары арнайы шақырылды.
Бұл айтыста ақындар ағынан жарылып, кеңінен көсілді. Тәуелсіздіктің көк туы жыр арқауына айналып, еңселі елімізде жасалып жатқан игі істер мақтанышпен айтылды. Лебяжі өңіріндегі халық игілігіне жараған жұмыстар да ескерусіз қалмады.
Дүйім жұрт алдында алғашқы болып өнер көрсеткен павлодарлық Оңғар Қабденов пен баянауылдық Таңат Ахатовтың айтысы әзіл-қалжың негізінде өрбіді. Екібастұздық Алмагүл Жүгінісова мен Лебяжі ауданының тумасы Асығат Тұрғанбектің ағалы-қарындастық сағынышпен басталған айтысы әрі қарай жарасымды әзілге ұласты. Айта кетерлігі, айтыстың бұл «шаршы» алаңында қанаты қатаймаған жас ақындар да бақтарын сынады. Павлодарлық Мәрес Байрон мен баянауылдың жас ақыны Нұрқанат Қанат та көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Жалпы, сөз жарысы қызықты сәттерге толы болды.
Жыр додасы екі кезеңнен тұрды. Алғашқы бөлімде алты жұп жарысқа түсті. Ал топтан озып шыққан төрт қатысушы - Қ.Шарманов, А.Тұрғанбек, А.Жүгінісова және Е.Бейбітхан ақтық сайысқа жолдама алды. Қазылар алқасының шешімімен үшінші орынды лебяжілік Е.Бейбітхан жеңіп алса, екінші орын тұғырынан кеншілер қаласының намысын қорғаған А.Жүгінісова көрінді. Бірінші орын жүлдесін Қ.Шарманов еншіледі. Ал айтыстың бас бәйгесіне А.Тұрғанбек ие болды. Жеңімпазға бас жүлде – 100 мың теңгені табыстаған аудан әкімі Айзада Құрманова: «Бүгін өңірімізде тамаша той болды. Ертістің Павлодар өңірінің бетке ұстар ақындары халқымызды төл өнерімен сусындатып, баршамызға рухани ләззат сыйлады. Өздеріңіз куә болғандай, аймағымыздағы айтыс өнерінің игі дәстүрін жалғастырып жатқанымызға қуаныштымыз. Тойымыз тойға ұласа бергей!» деп ризашылығын білдірді.
А.ЕСІМХАНОВА.
Лебяжі ауданы.




















Коллектив КГП на ПХВ "Центр аналитической информации" поздравляет кассира Марию Владимировну Мирошниченко с днем рождения. Желаем здоровья, счастья и успехов в работе.